Ағын суға, әйтеуір, аққан мұрат болса, өмір шіркінге де, әйтеуір, өткен мұрат. Адам пақыр да ағын суда жан жағынан ықтырмалап, тықсыра қуған толқынның жойқын пәрменінен жаны кіріп, делебесі қозып, делбеңдей беретін қу жаңқа тәрізді ғой: о да басын тасқа ұрып, суға ұрып жөңки беретін көп нөпірдің ішіне бір түскен соң, алды-артына қарап жарымайды. Ол пақыр да мынау желкелеп қуған нөпір тірліктің баянсыздығын, өз қарекетінің пәтуасыздығын анау жағаға шығып қалған қой тастай сазға отырған күні бір-ақ біледі. Бірақ енді кері ағатын су, қайта бастайтын дәурен жоқ. Сол жеткен жерінде зорыққан нардай мәңгі-бақи шөккенің; сол арада су шаяды, жел қағады, тозасың, тозаңға айналасың. Бағзыда асқар таудың бір шыңынан үзіліп түскен жұмыр тас күйіңе қайта орала алмайсын: жолағанды кесіп кетер өткір пышақтай қырың болса, су шайып, жел жалап тегістейді, зіл батпан салмағың болса, бір күні күзді күнгі қаңбақтай қаңғалақтап қалғаныңды өзің де байқамайсың.